Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

КІТАПХАНА – КЕМЕЛ ОЙДЫҢ КЕНІШІ

    Кітаптың иісі аңқыған қасиетті мекендер болады. Табалдырығын аттаған сәтте-ақ уақыт баяулап, ойың тереңдеп, жаның тыныштала қалады. Сондай руханияттың шамшырағына айналған киелі орындардың бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы.

    Бұл – жай ғана кітап сөрелері тізілген ғимарат емес. Бұл – сан ұрпақтың санасына сәуле құйған, талай талапкердің арманына қанат байлаған, үнсіз отырып, ұлтпен сырласатын рухани орда. Мұнда әр кітап – бір тағдыр, әр парақ – бір дәуірдің демі. Бүгінде кітапхананың жалпы кітап қоры 274261 данаға жетіп отырса, соның ішінде ұлттық құндылықтарымыздың өзегі – мемлекеттік тілдегі әдебиеттердің үлесі 96025 дананы құрайды. Бұл – рухани қазынамыздың жыл санап еселеніп жатқанының айқын дәлелі. Кітапханаға кірген сәтте көне кітаптардың жұпар иісі мен жаңа ойлардың лебі қатар еседі. Оқырман залындағы тыныштықтың өзінде терең мағына бар секілді. Бір бұрышта емтиханға дайындалып отырған студент, екінші жақта архив ақтарып отырған зерттеуші, ал терезе маңында поэзияға үңілген жас қыз...

    Бұлардың бәрін бір арнаға тоғыстырып тұрған күш – білімге деген құштарлық. Заман ағымына сай, бұл алтын ұяның толығу үдерісі де тоқтаусыз жүріп жатыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, кітап қоры тағы да 2304 дана кітаппен толықты, оның ішінде мемлекеттік тілдегісі – 2204 дана. Рухани сұранысты өтеу бағытында мемлекеттік тапсырыспен 1786 дана жаңа кітап келсе, оның ішінде қазақ тіліндегі туындылар 1702 дананы құрап, сөрелерден өзіндік орнын тапты. Бірде кітапхана қызметкері «Кейде оқырмандар кітап іздеп келеді де, өз өмірін өзгертер ой тауып кетеді», – деген еді.

    Шынында да, кітапхананың ең үлкен құдіреті – адамның жан дүниесіне әсер етуінде. Мұнда сақталған сирек кітаптар мен тарихи деректер–өткеннің аманаты. Әсіресе қазақ зиялыларының еңбектері мен көне басылымдарды көргенде, уақыттың үнін естігендей боласың. Бұл сөрелерде ұлттың жады тұр. Әр кітаптың мұқабасында тарихтың табы қалған. Заманауи технологиялар да кітапхананың тынысын кеңейте түсті. Электронды каталогтар, цифрлық қорлар, онлайн қызметтер – уақыт талабына сай жаңашылдықтың белгісі. Бүгінде ауылдағы оқырман да қажетті әдебиетін алыстан іздемей-ақ таба алады. Бұл – кітапхана қызметінің жаңа белесі. Алайда қандай технология келсе де, кітапхананың жүрегі өзгермейді. Оның жүрегі – адам, оқырман, кітапқа ғашық жан. Себебі кітапхана – үнсіз сөйлейтін ұстаз.

    Қазіргі таңда бұл қасиетті шаңыраққа 6251 оқырман ресми түрде тіркелген. Ал жыл ішіндегі келушілер саны 54900 адамға жетіп, рухани ізденістің толастамағанын көрсетті. Ең қуаныштысы – кітап берілімі бойынша жалпы 117568 дана туынды оқырман қолына тисе, соның басым бөлігі, яғни 95865-і мемлекеттік тілдегі кітаптар екен. Бұл көрсеткіш ана тіліміздегі әдебиетке, ұлттық сөзге деген махаббат пен сұраныстың қаншалықты жоғары екенін айғақтайды. Бұл рухани шаңырақта жиі өтетін әдеби кештер мен ақын-жазушылармен кездесулердің де тағылымы мол.

    Жас ақындар өлең оқып, қаламгерлер өмір тәжірибесімен бөліскен кештерде кітапхана қабырғаларының өзі шабыттанып кететіндей әсер қалдырады. Әдебиетке ғашық жастар үшін бұл – үлкен мектеп. Кітапхананы кейде теңізге ұқсатамын. Біреу одан тамшыдай ақпарат алады, біреу тереңіне сүңгиді, ал біреу өз өмірінің бағытын табады. Бірақ ешкім құр қол қайтпайды.

    Бүгінде Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – тек кітап оқитын орын ғана емес, ол – ой тәрбиелейтін орта, рухани тыныс ашатын кеңістік, оқу мен зерттеудің заманауи орталығы. Осындай қасиетті орындар мен оған ағылған мыңдаған оқырмандар барда ұлттың рухани тамыры ешқашан үзілмейді.

Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ

облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап

ғылыми кітапханасының қызметкері

«AQ - JOL». - 2026. – 21 мамыр (№55). – 12 б.

Яндекс.Метрика