Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат жаңа серпін алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойып, қоғамның рухани дамуына айрықша мән берді. Бұл құжат – тек кітапхана саласын жетілдіру емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Жарлықта кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыру, кітапханалардың жұмысын жаңғырту, цифрлық ресурстарды дамыту және отбасылық кітап оқу дәстүрін нығайту секілді маңызды міндеттер қамтылған. Бүгінде ақпарат тасқыны күшейген заманда кітаптың орны бөлек. Кітап – ойды дамытатын, дүниетанымды кеңейтетін, адамды парасат биігіне жетелейтін рухани қазына.
Президент бастамасы қоғамда үлкен қолдау тауып отыр. Себебі кітап оқитын ұлт – бәсекеге қабілетті, ойлы әрі мәдениеті жоғары қоғам қалыптастырады. Әсіресе жас буынның сапалы әдебиетке бет бұруы – ел болашағы үшін маңызды мәселе. Осы бағыттағы игі жұмыстар Жамбыл өңірінде де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы.
Бұл бастама аймақта кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттап, тұрғындардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырды. Жоба аясында облыс кітапханаларында түрлі әдеби кештер, оқырмандар конференциялары, ақын-жазушылармен кездесулер, кітап фестивальдері мен челлендждер ұйымдастырылды. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының тағы бір ерекшелігі – ауылдық елді мекендерге ерекше көңіл бөлінуі. Көшпелі кітап көрмелері, ауыл оқырмандарымен кездесулер, мобильді кітапхана қызметтері арқылы шалғай ауыл тұрғындарының кітапқа қолжетімділігі артып келеді. Қазақ – ежелден сөз қадірін білген, кітапты рухани мұра санаған халық. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы «Артық ғылым кітапта» деп бекер айтпаған. Сондықтан кітап оқу мәдениетін дамыту – тек мәдени бастама емес, ұлт болашағына салынған инвестиция. Бүгінде әлемдік тәжірибе де кітап оқитын қоғамның экономикалық, мәдени және ғылыми тұрғыдан озық болатынын дәлелдеп отыр.
Демек, Президент Жарлығы мен өңірлік жобалардың түпкі мақсаты – ойлы, білімді, парасатты ұрпақ тәрбиелеу. Кітап – рухани жаңғырудың алтын көпірі. Ал кітап оқитын қоғам – жарқын болашақтың негізі.
Эльмира АБДИНОВА
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап
ғылыми кітапханасының директоры
«AQ - JOL». - 2026. – 19 мамыр (№54). – 3 б.