Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

ТЕРБЕЛЕДІ ТЫҢ ДАЛА

    Жамбыл өңірінде дүниеге келіп, өнерімен қазақтың байтақ даласына танылған көрнекті композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойына арналған кеш Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында өтті. Қазақстанның Еңбек Ері атанған өнер иесінің шығармашылық мұрасын насихаттап, қазақ өнері мен әдебиетіне қосқан өлшеусіз еңбегін жас ұрпаққа танытуды мақсат еткен ғұмырнамалық кеш «Тербеледі тың дала» тақырыбымен ұйымдастырылды. Мұнда ұлттық руханиятты дәріптеу және ән өнерінің құндылығын кеңінен ұғындыру көзделді.

    «Жазушымен бір күн» жобасы аясында өткізілген кеште Илья Жақановтың зерттеушілігін, суретшілік қиялын және жазушылық жауһарларын танытатын бейнеролик көрсетілді. Еркелеткен еліне ризашылығын жеткізген кеш кейіпкері туған жер туралы тебірене сөйледі. Кітапханашылар жазушының қаламынан туған кітаптарына шолу жасап, әрбір туындысының маңызына терең үңілді. Илья Жақановтың шығармашылығы кең ауқымды әрі жан-жақты. Ол қазақтың ұлттық музыкасын, сал-серілер мен халық композиторларының өмірі мен шығармашылығын зерттеді. Оның «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» атты повестері әдебиетке жаңа леп әкелді. Сонымен қатар «Екі жирен», «Махаббат вальсі», «Аққулар қонған айдын көл» атты деректі әңгімелер мен эсселер жинақтары жарық көрді.

    Биыл 90 жасқа толып отырған композитордың өнердегі шеберлігімен қатар, өмірдегі қасиетін, адамгершілікті жоғары қойған әр сәттегі әрекеттерін сөз сөйлеген замандастары үлгі етті. «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы, ардагер журналист Жаңабай Миллионов, «Қарахан» журналының бас редакторы Сатыбалды Досымбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақ, айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Ербол Қамбатыров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев, ғалым Бақытжан Мақашев лебіздерін жеткізді.

    – Ұлттық мәдениетіміздің аспанында шоқжұлдыздай жарқыраған, қаламынан жыр, саусағынан күй саулаған, сегіз қырлы, бір сырлы абыз ақсақалымыз, Қазақстан мен Қырғызстанның Халық әртісі Илья Жақановтың мерейтойы облысымызда бірнеше күндерге жалғасып аталып өтілуде. Ал кітапханамыздағы кеш – жай ғана мерейтой емес, бұл – қазақ даласының әуені мен жырын әлдилеген, тың даланы тербеген ұлы талантқа көрсетілген тағзым. Ол – қазақ пен қырғыздың аспанында өнерден алтын көпір салған, әнмен әлемді, сөзбен сананы тербеткен бірегей құбылыс. Ол – ұлттық музыкамыздың ақсауыты, қазақ руханиятының тірі абызы, сегіз қырлы, бір сырлы кемеңгер тұлға. Ағамыздың әндерін шынайы сезімдер әлемі десек, болғандай. Сазгердің әндерінде нәзік лирика мен терең философия, туған жерге деген махаббат пен адамдық асыл қасиеттер қатар өрілген. Әрбір әні – рухани әлемге бастар жол, әр шумағы – ұрпаққа қалдырған аманат іспетті. Халқына барын берген перзентін бүгінде жұрты да құрметтеп жатыр. Бұл «Елім дейтін ер болса, ерім дейтін ел болар» деген халық нақылының дәлелі, – дейді ғұмырнамалық кешті әсерлі жүргізген ақын Марал Хантөреқызы.

    Кеш барысында Илья Жақанұлының өнегелі өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен насихатталып, халық жүрегінен орын алған «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Теміртау түні», «Толағай» сынды әндері шырқалды. Тағылымы мол рухани кеш – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға деген ел құрметінің жарқын көрінісі болды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

«AQ - JOL». - 2026. – 16 мамыр (№53). – 8 б.

Яндекс.Метрика