Қазіргі қоғамда білімнің маңызы күннен-күнге артып келеді. Әлемдегі дамыған мемлекеттердің барлығы, ең алдымен, білім мен ғылымға ерекше көңіл бөледі. Себебі елдің экономикалық дамуы, мәдениеті мен рухани деңгейі халықтың білім сапасына тікелей байланысты.
Білімді ұрпақ – мемлекеттің басты байлығы, жарқын болашақтың кепілі. Сондықтан бүгінгі таңда жас ұрпақтың сапалы білім алып, тәрбиелі болып өсуі – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Білім адамға тек мамандық иесі болуға ғана көмектеспейді. Адамның дүниетанымын кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады.
Білімді адам айналасындағы өзгерістерге бейім болып, өз ойын еркін жеткізе алады.
Ұлы ойшылдар мен ағартушылар да білімнің адам өміріндегі орнын ерекше бағалаған. «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деген халық даналығының өзінде терең мағына жатыр.
Білім беру жолында мектеп пен ұстаздың рөлі ерекше. Мұғалім – жас ұрпақтың болашағына бағыт беретін тұлға. Ұстаз шәкіртке тек білім беріп қана қоймай, адамгершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік секілді қасиеттерді де үйретеді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім» деп бекер айтпаған. Себебі сапалы білім мен саналы тәрбиенің негізі ұстаз еңбегімен қаланады.
Алайда білімнің қайнар көзі тек мектеппен шектелмейді. Осы тұста кітапхана қызметінің маңызы ерекше екені анық. Кітапхана – білім мен мәдениеттің, руханият пен парасаттың ордасы. Адамзат өркениетінің барлық жетістігі мен асыл мұрасы кітап арқылы ұрпақтан ұрпаққа жетуде. Ал сол рухани қазынаны сақтап, халыққа жеткізетін қасиетті мекен – кітапхана.
Кітапхана адамды ізденуге, ойлануға, жаңа білім алуға жетелейді. Мұнда әр адам өзіне қажетті ақпаратты тауып, таным көкжиегін кеңейте алады. Әсіресе оқушылар мен студенттер үшін кітапхананың орны ерекше. Себебі кітапхана – қосымша білімнің, терең ізденістің орталығы. Сабақ барысында алынған білім кітап оқу арқылы толықтырылады. Көптеген ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері табысқа жетудің басты құпиясы үздіксіз оқу мен ізденісте екенін айтқан.
Қазіргі таңда кітапханалардың қызметі заман талабына сай жаңаруда. Бұрын кітапхана тек кітап сақтайтын орын ретінде қабылданса, бүгінде ол мәдени-ағарту және ақпараттық орталыққа айналды. Заманауи кітапханаларда электронды кітаптар, интернет желісі, цифрлық қорлар оқырман игілігіне ұсынылуда. Бұл жастардың ақпаратты тез әрі тиімді алуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кітапханаларда түрлі әдеби кештер, танымдық кездесулер, көрмелер мен мәдени іс шаралар ұйымдастырылады. Мұндай іс-шаралар жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани дамуына ықпал етеді. Әсіресе қазіргі технология дамыған заманда жастардың кітап оқуға деген ынтасын ояту өте маңызды. Себебі әлеуметтік желі мен қысқа ақпаратқа үйренген жас буынның терең ойлануына, сөздік қорын байытуына кітаптың әсері зор.
Кітап – адамзаттың ең сенімді досы. Кітап оқыған адамның ой-өрісі кеңейіп, сөйлеу мәдениеті қалыптасады. Ол адамды сабырлылыққа, ізденімпаздыққа тәрбиелейді. Сондықтан кітапхана – тек ақпарат алатын орын емес, адамның рухани дамуына ықпал ететін маңызды орталық.
Бүгінде елімізде кітапханаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдық жерлердегі кітапхана қорларын толықтыру, жаңа әдебиеттермен қамтамасыз ету, электронды жүйелер енгізу бағытында көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл – өскелең ұрпақтың білім деңгейін көтеруге жасалған маңызды қадамдардың бірі.
Білім мен кітапхана – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Білімді қоғам қалыптастыруда кітапхананың рөлі орасан. Кітап оқитын, ізденетін ұрпақ қана елдің болашағын жарқын ете алады. Сондықтан кітапханаға деген құрмет пен кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Рухани бай, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында білім мен кітапхананың маңызы әрдайым жоғары болып қала береді.
Эльмира АБДИНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапхананың директоры
«AR-AI». - 2026. –22 мамыр (№38). – 1 б.