Соңғы жылдары қоғамда кітап оқуға деген қызығушылықтың біршама төмендеп бара жатқаны байқалады. Бұған ең басты себептердің бірі – интернет ресурстары мен цифрлық технологиялардың кеңінен таралуы. Қазіргі таңда адамдар қажетті ақпаратты кітаптан емес, интернет желісінен іздеуді жөн көреді. Әрине, ақпаратты жылдам әрі қолжетімді ұсынатын интернеттің мүмкіндігі зор. Дегенмен ғасырлар бойы адамзаттың рухани қазынасы болып келе жатқан кітаптың орны әрдайым ерекше.
Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтетін, сөздік қорын молайтатын, терең ойлауға үйрететін маңызды құрал. Себебі сапалы кітап оқу арқылы адам тек ақпарат алып қана қоймай, ұлттық мәдениетті, тарихты, салт-дәстүрді және рухани құндылықтарды таниды. Ал интернеттегі ақпараттардың барлығы бірдей сапалы, сенімді әрі мазмұнды деп айту қиын. Әсіресе қазақ тіліндегі кейбір материалдардың аудармасы мен тілдік сапасы көңіл көншітпейтін жағдайлар да кездеседі.
Бүгінгі жастардың басым бөлігі қажетті мәліметті ең алдымен интернеттен іздеп, сол ақпаратпен шектеліп жатады. Бұл уақыт үнемдеуге мүмкіндік бергенімен, кітап оқудың терең білім мен жан-жақты ойлау қабілетін қалыптастыратынын естен шығармаған жөн.
Сондықтан заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, кітап оқу мәдениетін қайта жаңғырту – маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе жас ұрпақты кітап оқуға баулу арқылы олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, білімге деген қызығушылығын арттыруға болады. Өйткені кітап пен білім қатар жүрген жерде ғана саналы, ойлы және рухани бай ұрпақ қалыптасады.
Бүгінде балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы әдебиеттердің аздығы – саладағы өзекті мәселелердің бірі. Әр баланың жас ерекшелігіне сай, тілі жеңіл әрі түсінікті, мазмұны қызықты, безендірілуі көркем кітаптар саны артуы қажет. Өйткені балаларға арналған орыс тіліндегі басылымдармен салыстырғанда қазақ тіліндегі сапалы әдебиеттер мен танымдық кітаптардың жеткіліксіздігі байқалады.
Сонымен қатар түрлі бағыттарды қамтитын қазақ тіліндегі балалар энциклопедияларының аз болуы да алаңдатады. Баланың дүниетанымын кеңейтетін, ғылымға, тарихқа, табиғатқа, мәдениетке қызығушылығын арттыратын танымдық еңбектердің көптеп жарық көруі маңызды. Себебі кітап баланың ойлау қабілетін дамытып, оның қоршаған әлемді тануына мүмкіндік беретін негізгі құралдардың бірі.
Кітаптың адам өміріндегі пайдасы мен маңызы орасан зор екенін бүкіл адамзат мойындап қойған. Дегенмен кітаптағы барлық ақпаратты сол күйінде қабылдау міндетті емес. Ең бастысы – оның ішіндегі адамгершілікке, адалдыққа, мейірімділікке, отансүйгіштікке үндейтін құндылықтарды бойға сіңіру. Әсіресе батырлар жыры, ертегілер мен аңыз-әңгімелер балалардың қиялын дамытып, жақсы мен жаманды ажыратуға, елін, жерін құрметтеуге тәрбиелейді. Мазмұны терең, тілі көркем, тәрбиелік мәні жоғары кітаптар ғана оқырманды өзіне тартып, оның ой-өрісін кеңейте алады. Сондықтан балаларға арналған сапалы әдебиеттердің болуы олардың кітапқа деген қызығушылығын қалыптастырудың маңызды негізі.
Кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруда ата-аналардың да жауапкершілігі ерекше. Баланың кітапқа деген сүйіспеншілігін қалыптастыру мектеп пен кітапханадан бөлек, отбасының да ортақ міндеті болуы қажет. Себебі бала, ең алдымен, ата анасынан үлгі алады. Егер үйде кітап оқуға көңіл бөлініп, білімге деген құрмет қалыптасса, баланың да қызығушылығы арта түседі. Осы бағытта мектептер мен кітапханалар бірлесіп, оқушылар арасында түрлі байқаулар мен танымдық шараларды тұрақты түрде ұйымдастыра алады. Мәселен, әр айдың соңында «Кім көп кітап оқыды?», «Кім жылдам оқиды?», «Үздік оқырман» сынды сайыстар өткізу арқылы балаларды кітап оқуға ынталандыруға болады. Мұндай шаралар оқушылар мен кітапханашылар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, баланың ізденуіне, жаңа дүниелерді тануына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда балалар бос уақытының көп бөлігін теледидар, смартфон және компьютерге арнайтыны жасырын емес. Сондықтан оларды кітап әлеміне қайта бағыттау, оқуға деген қызығушылығын ояту – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Егер жас ұрпақ кітаппен жақын болып, одан тағылым алса, халқымыздың ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары мен рухани мұрасы ешқашан жоғалмайды. Кітаптан алыстаған бала ата-бабадан қалған асыл мұраларды, тәрбиелік мәні зор аңыз әңгімелерді, даналық сөздерді толық танып біле алмайды. Ал кітаппен дос болған жас ұрпақ өз тарихын құрметтеп, ұлттық болмысын сақтап, білімді әрі саналы азамат болып қалыптасады. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің ғана емес, болашақта да орындалатын маңызды міндеті.
Эльмира АБДИНОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы
облыстық әмбебап ғылыми
кітапхананың директоры
«AR-AI». - 2026. – 22 шілде (№54). – 8 б.