Кітап уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, рухани дамудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. Ал, кітапхана – оқырман үшін үлкен тәрбие мектебі, парасатталық пен білімділіктің киелі ордасы. Міне, осы ұғымдардың мәніне үңіле отырып, кітапханашы мамандығының маңыздылығын бағамдау қиын емес. Шын мәнінде кітапханадағы жұмыс кітапты беру мен қабылдаудан ғана тұрмайды. Салада сан түрлі тірлік бар. Біз оған «мамандығымызды өзгертеміз» айдары аясында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада күні бойы қызмет атқарғанымызда көз жеткізе түскендей болдық.
Біз келісілген уәде бойынша таңертеңгі сағат 10.00-де руханият ордасына келдік. Кітапхана директоры Эльмира Абдинова бізді жылы шыраймен қарсы алып, сирек кездесетін кітаптар қорына жауапты етіп бекітті. Жалпы, кітапхана 13 бөлімене тұрады екен. Әр бөлімнің өздеріне жүктелген міндеттері бар. Біз атсалысқан депозитарий қызметінің тарихы әріде жатыр. 1973 жылы Мәскеудегі Ленин атындағы мемлекеттік кітапхананың қорынан құнды кітаптар ғана іріктеліп алынып, имики қалашығында депозитарлы кітапхана ашылған. Себебі, бағалы еңбектер бір қорға сыймаған. Артынша орталық кітапханаларда депозитарлы қор ашылуы керек деп шешілген. Сөйтіп, 1973-1974 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы кітапханада да осындай қор жұмысын бастапты. Қорға Алматы, Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Атырау, Шымкент қалаларынан сирек кітаптар жинақталған. Кітапхана директоры Эльмира Абдинова сирек кездесетін кітаптардың электрондық коллекцияларын жинау, есепке алу, сақтау және пайдалану мақсатында 2014 жылдан бері «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасының жүргізіліп жатқанын айтты. Ол үшін арнайы сканер құрылғысы алыныпты. Біз осы аппарат арқылы көненің көзіндей болған кітаптардың электронды нұсқасын түсіруге кірісіп кеттік. Әуелі кітаптардың мұқабасынан бастап барлық бетін сканерге түсіріп, еңбек туралы мәліметтерді анықтап жазуымыз керек екен. Бұл келер ұрпақтың игілігі үшін жасалып жатқан жүйелі жұмыстың бірі. Мысалы, 1924 жылы жарық көрген «Обзор народного хозяйства Киргизской АССР», «Семипалатинский кооператор 5 февраля 1924 г №3», 1929 жылы басылған «Происхождение верблюдов» сынды кітаптардың мұқабасы тозуға айналған. Сондықтан да, мұндай дүниелерді цифрландырып, «РАБИС» бағдарламасына енгізудің маңызы зор. Білгеніміздей, жоба аясында бүгінге дейін 10 мыңға жуық кітаптың 5 387 данасы цифрландырылып үлгеріпті.
Қазіргі таңда облыстағы кітапханаларда 605 адам қызмет атқаруда. Олардың 131-і отыз жасқа дейінгі мамандар. Осы статистикадан кітапхана саласында жастардың үлес салмағы әлі де аз екенін байқауға болады. Эльмира Елеусізқызы кейінгі жылдары кітапханашы болғысы келетін жастардың қатары артып келе жатқанын алға тартты. Десек те, біздің облысымызда бұл саланың өкілдерін даярлайтын оқу орны жоқ екен. Мамандардың көбі Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті мен Шымкент қаласындағы педагогикалық мәдениет институтында білім алуда. Сонымен қатар, көршілес Қырғыз Республикасында оқып келіп жатыр.
- Кітапхана саласында еңбек ету үшін арнайы мамандықты тәмамдау қажет. Өйткені, жүктелетін жауапкершілік жоғары. Кітапханашы зияткерлігі жоғары, жан-жақты сауатты, көркемөнер, ғылыми-көпшілік, арнайы әдебиеттердің білгірі болуы керек. Жұмыс барысында олар оқырмандармен көп қарым-қатынас жасайды. Ол үшін адамдармен тіл табысу дағдылары мен эмоциялық тұрақтылық қажет. Сөрелер мен мыңдаган кітаптар арасында оңай жөн көрсету үшін есте сақтау қабілеті жоғары болуы тиіс. Каталогтар мен анықтамалықтарды құрастыру кезінде зерде мен зейіннің орны ерекше. Кітапхана мұрағатынан алынатын сирек кездесетін кітаптармен жұмыс істеу кезінде ұқыптылық пен жауапкершілік қажет болады, - дейді кітапхана директоры Э.Абдинова.
Осы орайда ер азаматтардың кітапханашы болуға неліктен қызығушылық танытпайтынын сұрадық.
- Меніңше, бұл сана-сезімге байланысты. Ер азаматтардың арасында «Кітапхана - әйел баласының жұмысы» деген көзқарас қалыптасып кеткен. Әйтпесе, бұл мамандықты бөліп-жарудың қажеті жоқ сияқты. Мысалы, Байзақ ауданындағы Дихан ауылында Дидар Телғараев есімді әріптесіміз кітапхана меңгерушісі болып еңбек етіп жүр. Сол сияқты кітапханашы болуды армандайтын ер азаматтар табылып жатса, жұмыс жасауына ешқандай да шектеу болмасы анық. Өзіміз Ұлттық академиялық кітапханаға барған кезімізде жап-жас жігіттердің қызмет атқарып жүргенін көзіміз шалып қалды. Ал, бізде жоқтың қасы. Дегенмен, кітапхананың электронды залында жұмыс істегісі келетін бағдарламашы, информатик мамандар баршылық, - дейді Эльмира Елеусізқызы.
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының тыныс-тіршілігімен таныса жүріп, мамандар тарапынан атқарылып жатқан жұмыстың ауқымды екенін аңғардық. Төл тарихы 1898 жылдан басталатын руханият ордасының кітап қорында бүгінде 238 048 дана кітап бар екен. Мұнда еңбек ететін 43 кітапханашы жылына шамамен 17500-ден аса оқырманға қызмет көрсетеді. Тағы бір байқағанымыз, кітап қорында қазақ, орыс тілдеріндегі әдебиеттерден бөлек, ағылшын тіліндегі еңбектер де жетерлік. Бұл енді Елбасының «Үш тұғырлы тіл» саясатына сай жүргізіліп жатқан тірлік. Тіпті, кітапхананың шет тілі секторында оқырмандарға ағылшын тілін үйрететін мамандар да қызмет атқарады екен. Руханият ордасында бұдан бөлек ұйымдастырылып жатқан шаралар да көп. Әр түрлі форматтағы кештер, кездесулер, библиографиялық шолулар, ғылыми конференциялардың оқырманға берері мол. Сондай-ақ, кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыруға да баса назар аударылады. Осы орайда жыл сайын облыстық «Ең үздік ауылдық кітапхана» байқауы өткізіледі. Мұндағы мақсат - кітапханалық қызмет көрсетудегі ұйымдастыру біліктілігі мен кәсіби деңгейін анықтау. Үздік деп танылған ұжымдарға кітапхана жабдықтары тарту етіледі. Осылайша, бұл байқау бір жағынан сала мамандарының шеберлігін шыңдай түссе, екінші тұрғыдан мекеменің материалдық-техникалық базасын да нығайтуға септігін тигізуде. Сонымен қатар, жас кітапханашылар арасында өткізілетін «Жыл маманы» байқауының да орны бөлек.
Кей-кейде үлкендер тарапынан «Жастар кітап оқуға құлықсыз болып бара жатыр» деген пікірлер айтылып жатады. Бес саусақ бірдей емес, әрине. Көркем әдебиетке құмар жастардың руханият ордасына көптеп келетінін көз көріп, көңіл марқайды. Оның үстіне кітапхана тарапынан да жас оқырмандарды тарту үшін жаңа жобалар да қолға алынған. Соның бір ғана мысалы, «Көне Тараз» кешенінде өткен «Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, жасай берсін елдігіміз мәңгілік» атты жас оқырмандар форумын атап өтуге болады. Жоғары оқу орындарымен, жастар қоғамдық бірлестіктерімен тығыз байланыс орнатылған. «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе отырып, бір аптада бір кітап оқып шығуға ынталандыратын бастама да сәтті жүзеге асуда. Кітапханада тек жұма ғана демалыс күні болып есептеледі. Қалған күндердің барлығында руханият ордасының есігі айқара ашық. Бұл да студент жастардың сенбі, жексенбі күндері келіп, қажетті әдебиетін оқуға жасалып отырған мүмкіндік. Бір сөзбен айтқанда, жастарды кітап оқуға тарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.
- Жастар кітап оқымайды дөп айта алмаймын. Біздің жас оқырмандарымыз жылдан жылға көбейіп көле жатыр. Біз де өз кезегімізде олардың рухани қажеттілігін қамтамасыз етуге тырысамыз. Әр оқырманды ақпаратсыз жібермеуіміз керек. Олар іздеген кітап табылмай жатқан күннің өзінде шағын мәлімет болса да талап-тілегін орындауымыз қажет. Осы орайда оқырмандар да кітапты үйінде ұзақ ұстамай, уақтылы әкеліп өткізсе екен дейміз. Өйткені, бұл еңбекті келесі оқырман іздеп келуі әбден мүмкін. Сондықтан да, рухани құндылыққа жанашырлықпен қараған абзал, - дейді Эльмира Абдинова.
Күні бойы кітапхана ішін аралап жүріп, жұмыс уақытының қалай аяқталғанын да білмей қалдық. Мекемеге қарасты 13 бөлімнің әрқайсысында қызу жұмыс. Бірінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылуда. Енді бірінде жаңадан келіп түскен әдебиеттердің таныстырылымы жүріп жатыр. Кең дәліздің қос қапталында да бос орын жоқ. Мақала жазу барысында кітапханашылармен етене әңгімелесудің сәті түсті. Бәрі де өз ісінің майталман мамандары. Әрбір сұрағымызға сыпайы жауап беріп, салиқалы сөз қозғайды. Бір қарағанда кітапханашылардың жұмысы қызықтырақ көрінді. Дегенмен, мамандықтың қыр-сырына тереңірек үңіле отырып, бұл жұмыстың да қиындығы басым екенін түсінгендей болдық.
Тұрсынбек Сұлтанбек
Арай. - 2017. - 23 ақпан (№8). - 9 б.