Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған ел – туған жер» жобасын жүзеге асыру мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер журналист Пернебай Дүйсенбиннің 75 жас мерейтойына орай «Қарлығаш көңіл қаламгер» дара жол кездесу болды.
Кеш шымылдығы Қытайдан келген жас ақын, студент Жұматай Көксубайдың авторға арнаған жыр жолдарынан бастау алып, немерелері атасының өлеңінен үзінді оқуымен жалғасын тапты. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке!», «Елгезек ертегілер елінде» сынды балалар әлеміне бойлай еніп, олардың аңғал да адал, сенгіш мінезін дөп басып, дәл суреттеп қана қоймай, құйтақандай жүректің қиялына қанат бітіріп, санасына сәуле сыйлай білген қаламгер өз әңгімесін де балалар шығармашылығынан бастады.
– Балалар әдебиетіне арналған республикалық байқауларға қатысып, жеті рет лауреат атандым. Негізі бұрын бірнеше жыл мектепте балалармен жұмыс істедім. Сонда баланың сыныпта байқалмаған ерекше мінездерін саяхатқа алып шыққанда байқайтынмын. Еркін табиғат аясында жүргенде бала керемет ашылады. Олардың әрбір қылығын қалт жібермей қадағалап, кейін суреттеп жазу ғажап нәрсе. Ауыл баласының тентектігін, ақылдылығын, аңғалдығын, небір қызықты қылығын суреттеу үшін жеңіл, тұнық һәм сергек тіл қажет. Балалар әдебиеті баламен бірге күліп, баламен бірге мұңайып, олардың ой-өрісін, сана сезімін терең сезінуді қажет ететін қиын жанр, – деді қаламгер.
Кеш барысында жазушының жастайында қылқаламды серік етіп «Түрік жігіті», «Леша», «Солдат», « Қайыңдар» сынды салған портреттері көрермен назарына ұсынылды. Бала күнінде суретші болуды арман еткен оның жүйрік қаламынан туған туындылары әдебиет әлеміне алып келген екен. Бүгінгі таңда «Шежірелі Сарысу», «Сарысунама», «Үркердей болып көшкен жұрт», «Шеркешнама» атты тарихи-танымдық томдарын жазып шыққан. – Пернебай екеуміз бір ауылда туып-өстік. Кейін жазбаларын сырттай оқып, сүйсініп жүрдім. Жастайынан ойлы, өз қатарынан білім деңгейі жоғары болды. Пернебайды тағдыр ауыл мектебіне алып келді. Сөйтіп, балалар тақырыбына қалам тартып, ең қиын жанрдың бірін қолына алды. Балалар әдебиетінің бір қызығы ересектер оқымайды. Ал оқырманы, кітабының таралымы жөнінен, сұранысқа ие жазушы да – балалар жазушысы. Ел арасында өмір сүру оны шежіре жазуға алып келді. Ғалымдардың дереккөзіне айналатын керемет еңбек – шежірені жазып шығу жолына Пернебай сегіз жылын арнады. Қаншалықты мақтауға, мақтануға тұрарлық жазушы болса, Пернебай соншалықты қарапайымдылығымен дараланады, – деді кеш қонағы ҚР Жазушылар одағының мүшесі, драматург Елен Әлімжан. Сонымен қатар «Дулатитану » ғылыми зерттеу орталығының директоры, Филология және журналистика кафедрасының меңгерушісі Сәмен Құлбарақ, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Ақ жол» газетінің «Индустрия және инновация» бөлімінің меңгерушісі, ақын Баймаханбет Ахмет, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл облыстық «Jambyl» телеарнасының редакторы Ғайни Әлімбекова да өз кезегінде сөз алып, қаламгер туралы ой толғап, шығармашылық табыс тіледі.
Кеш соңында қаламгердің жары Зағиша «Жақсы көру» әнін тамылжыта шырқап, кеш қонақтарының ыстық ықыласына бөленді. Кітапхана директоры Эльмира Абдинова Зағиша апайға жаулық жауып, жазушыға үкілі домбыра сыйлады. Ал қарт қаламгер өз кезегінде зал толы оқырманға «Зертөбе» кітабы мен өз қылқаламынан туған коллаж сыйға тартты.
Құралай СЕЙСЕНБЕК
Жамбыл Тараз.- 2018.- 13 сәуір (№31).-6 б.