Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Партия жобасы – бәсекеге қабілетті

«Нұр Отан» партиясының «Қазақстанның кітапханалары» – заманауи жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми

кітапханасында «Бродкастинг залы» ашылды

 

   Орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев және «Жас Отан» ЖҚ белсенділері қатысты. Жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған зал сыйымдылығы 30 адамдық, дөңгелек үстел, теледидар, бейнекамера, құлақтыңдағыштармен жабдықталған 9 моноблок, спикер микрофоны орнатылған, офлайн-онлайн форматында республика, облыс, қала, аудан деңгейіндегі түрлі сала мамандарының қатысуымен іс-шаралар өткізу мүмкіндігі жасалған. Ол екі бөліктен тұрады. Негізгі конференц зал және жайлы жұмсақ жиһазбен жабдықталған еркін пікір алмасу, жүздесу, ой бөлісу аудиториясы.

   Шара барысында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова жаңа залдың жабдықтары мен ерекшеліктерін таныстырды.

– Мұнда жастардың интернет, теле-радио арналардың көлемді ақпараттарына кеңінен қол жеткізуі, түрлі онлайн байланыстар мен бейнечат конференциялар, аудио-бейне оқуларды өткізуіне, еркін пікір алмасып, тынығуларына жағдай бар. Wi-Fi желісі іске қосылған, қызмет цифрландырылған жүйеде көрсетіледі және бөгетсіз жұмыс істеуге қолайлы. Бродкастинг залының ашылуы жастардың әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасайды. Онда семинар, іскерлік кездесулер, шеберлік сыныптар, жеке жетістіктер тарихымен бөлісуге арналған түрлі кездесу кештер өткізу, мамандардың тегін кеңес берулерін ұйымдастыруға болатын ыңғайлы орын, – деді кітапхана директоры. Жалпы жоба бойынша жыл ішінде 3 коворкинг және 1 білім орталығын ашу жоспарланған.

   Бірыңғай онлайн кітапханасын құру мақсатында бүгінгі таңда Ш.Уәлиханов атындағы облыстық кітапханада 5629 кітап цифрландырылып, Ұлттық электрондық кітапханамен бірегей электронды кітап қорын құру бағытында жұмыс қарқынды жалғасуда. – ҚР президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында IT қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Заманауи технологиялар дамып, адам өміріне цифрлы технология дендеп енгені баршамызға мәлім. «Нұр Отан» партиясының бастамашыл жобаларын іске асыру аясында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен екі жақты өзара меморандумға отырған болатын. Сол меморандум аясында «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары заманауи білім орталығы» бастамашыл жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасын өңір тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануына арналған заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналдыру мақсатында бродкастинг залы ашылып отыр, – деді партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы.

   Сондай-ақ Қазақстанның өңір кітапханаларының қоғамдағы кеңістігін дамыту, оларды үздіксіз өзгеріп отырған шарттарға бейімделу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасындағы цифрландырылған ақпараттық орталық өз жұмысын жүргізуде. Цифрландырылған орталықта барлығы цифрландырылған жүйеде қызмет көрсетіледі. Жылдамдығы жоғары Интернет желісі арқылы түрлі ақпарат іздеу, кеңесші көмегі, құжаттарды басып шығару немесе ақпаратты сыртқы тасымал құралдарына сақтау, Интеллектуалды қызмет (Excel, Power Point, Adobe Photosһop, Веб-дизайн, Macromedia Fiasһ МХ), өз бетінше жұмыс жасау үшін компьютерлер ұсыну, құжаттарды цифрлы форматқа енгізу, мәтіндерді теру және басып шығару, құжаттарды электронды жеткізу (пайдаланушы сұранысы бойынша біздің және басқа кітапханалардан құжат көшірмесінің электронды нұсқасын жеткізу) жұмыстары кез келген тұрғынға қолжетімді. Сондай-ақ орталық 10 компьютер, тыңдағыштармен жабдықталған 6 моноблок, көшірме (Ксерокс Toshiba e-STUDIO, ризограф) техника, құжаттарды цифрландыруға арналған түрлі А3 мен А4 форматтағы сканерлер, планетарлы сканер ЭларПланскан-В және т.б. заманауи ІТ технологиямен жабдықталған.

 

 

Арайлым Бақытжанқызы

Жамбыл Тараз.- 2018.- 1 маусым (№45).- 2 б.

 

 

 

 

 

Яндекс.Метрика