Білім — кітапта
Ілгерідегі, анығын айтсақ, аға буын өкілдері бойынан табылатын кітапқұмарлық біздің де бойымыздан табылар ма екен? Ол кезде әдебиетшілер, журналистер, қаламгерлерді айтпағанда, барлық көкірегі ояу жандар көркем әдебиеттен бас алмаған деседі. Осындайда бала күніміз еске түседі. Шопанның баласы едік. Қойшылардың көпшілігі етігінің қонышына газет қыстырып, қоржындарынан кітап тастамай жүретін. Келген деген көкеміз болды. Аурушаң кісі. Көмекші шопандар қатарында. Бірақ әдеби кітап оқудан алдына жан салмайтын. Кітаптардың атын, кейіпкерлерін жатқа білетін. «Пәлен кітаптың пәленінші бетінде мынандай сөздер жазылған» деп айтқанда таңданасың. Кейін сол кітапты тауып алып қараймыз. Әлгі беттерде Келген көкемнің тілге тиек еткен сөздері жазылған. Ол кезде кітапқа құштарлық осындай еді. Ал қазір ше? Әрине, мүлдем кітап оқымаймыз деп айта алмаймыз. Шығармашыл жастардың арасында кітапқа құмарларын көзіміз шалып қалады. Арайлы Жақсылық, Нұрсұлтан Рахымбай, Жұлдыз Молдағалиева сол санатта. «Кітап – біздің рухани азығымыз» дейді олар. Рухани азықты емес, материалдық дүниені көбірек ойлап кеттік қой. Ал кітап оқығандар өзгеше қалыптасады. Әлеуметтік желілерден де электронды кітап оқу мүмкіндігі пайда болды. Ол қағаз үлгіні алмастыра ала ма? Кеңінен таратайық.
Тілегенің «Шоқаннан», іздемей-ақ табылар
Өңір тұрғындарына жаңа өркениет көшіне сай қалыпты қызмет етіп, жұмыс үдерісінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы заманның ағымына ілесуге тырысып, көп салалы толыққанды ақпараттармен оқырмандарды қамтамасыз етіп отырған Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы бар. Ондағы қызметшілер өз қызметін мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, болашақ ұрпаққа мемлекеттік, рухани және қоғамдық оқиғалардың маңыздылығын жеткізу бағытында үйлестіруде.
Бұл руханият ордасының 120 жылдық тарихы бар. Яғни 1898 жылы Әулиеата қаласында қоғамдық кітапхана болып ашылған. Әуелде қорында 460 дана кітап, 4 газет, 10 журнал болған. 1965 жылы 11 мамырда кітапханаға Шоқан Уәлихановтың есімі берілген. Содан бері өңір тұрғындарының рухани сусындайтын орталығына айналған облыстық кітапхана қызметкерлері оқырман сұранысын қанағаттандыруда аянбай еңбектенуде. Қазіргі таңда мұнда 243228 дана кітап қоры болса, оның 68134 данасы мемлекеттік тілде. Жылына 17700-ден астам жаңа оқырман тіркеледі.
2013 жылы Тараз қаласы тұңғыш рет «Кітапханалар астанасы» болып танылып, «Жаңа қоғамдағы кітапханалық инновациялар» атты республикалық конференция өткізілді. Оған ұлттық, облыстық, орталықтандырылған қалалық, аудандық, ауылдық және жоғары, арнаулы оқу орындарының, сонымен қатар Мәскеу, Белоруссия, Польша елдерінің 422 кітапхана қызметкері қатысты. Конференция барысында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Түрік мәдени бұрышы» ақпараттық-қор орталығы ашылды.
Еңбектің еленгені жақсы
Кітапханадағы халыққа ортақ қазына ретінде сақталған бай мұраны өлке тұрғындарының игілігіне айналдыру, өңір тұрғындарының рухани кемелденуін арттыру мақсатында жұмыс атқарып жатқан облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы – республикамыздың алдыңғы қатарлы кітапханаларының бірі. Тындырған тірліктердің еленіп жатқаны қуантады. Мысалы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медалімен кітапхана директоры Эльмира Әбдінова, өнер жөніндегі әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Тастемірова марапатталды. Облысымыздың үздік кітапханашылары «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болса, Ұлттық академиялық кітапханасының 10 жылдық мерекесі аясында «Қазақстанның үздік жыл кітапханашысы» байқауына белсене қатысқаны үшін кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Ж.Жетпісбаева сертификат алды. Кітапхана ұжымы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына белсенді қатысқаны үшін Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның Алғыс хатымен марапатталған.
Бродкастинг –
жаңашылдық жемісі
Заман талабына сай кітапхана жұмысына жаңалықтар мен тың өзгерістер енгізу арқылы заманауи кітапхананың концептуалды моделін құру керек-ақ. «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында бродкастинг залы ашылды.
Қазақстан кітапханаларының жаңа моделін енгізу мақсатында аталмыш ұжымның ұйытқы болуымен облыста кітапхана – көп функционалды «коворкинг» орталығы жобасы аясында ауылдық кітапханалар жанынан «коворкинг» орталықтары ашылып, қазіргі уақытта 29 кітапхана мобильді стандартқа көшірілген. «Бір аптада – бір кітап» акциясы тұрақты өтеді. Атап айтқанда, олардың қатарында Таластағы Ақкөл, Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ және Құмарық, Жамбыл ауданындағы Айша бибі, Сарысу ауданындағы Саудакент, Жуалы ауданындағы Сұрым және Байзақ ауданындағы Дихан ауылдық кітапханалары бар. Қордай аудандық Әлжан ана ауылдық кітапханасы да сол санатта. Ал 11 «Үздік ауылдық кітапханалар» тізіміне Байзақ ауданы Ынтымақ, Жуалы ауданындағы Талапты, Сарысу ауданындағы Жайлаукөл, Үшбас, Ұ.Сыздықбаев атындағы, Шығанақ, Талас ауданындағы Ойық, Шу ауданындағы Сауытбек ауылдық кітапханалары мен №1, 2 қалалық кітапханалар енгізілген. Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы авторлық келісімшарт арқылы жергілікті ақын-жазушылардың цифрланған 62 кітабын веб-сайтына орналастырды. Сайтта осы кітаптардың электронды көшірмелеріне жан-жақты қолжетімділік қамтамасыз етілген. Сондай-ақ бұл ұжым Ұлттық электрондық кітапханамен бірегей электронды кітап қорын құру бағытында тығыз жұмыс жасауда. Ұлттық электронды кітап қорына облыстық рухани орталықтағы 204 құнды басылымның электронды нұсқалары жіберілді.
Сонымен қатар кітапхананың бірінші қабатындағы фойеде жастарға арналған демалыс пен ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылған. Мақсат – жастарға бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік жасау, кітапхананың жайлылығы мен тартымдылығын ұлғайту. «Жалпы облыс бойынша бүгінгі таңда 3532034 дана кітап қоры бар болса, оның мемлекеттік тілдегісі 1744438 мың дананы құрайды. Жылына 263 мыңнан астам жаңа оқырман келеді. 603 кітапханашы халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Тұрғындарға рухани білім беруде кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Оқырманның бір адамға көбеюі де кітапханашылар үшін үлкен олжа», – дейді аталмыш кітапхана әдіскері Гүлнұр Алтынбекова.
Есет ДОСАЛЫ
Ақ жол. - 2018. - 2 тамыз (№88). – 4 б.