Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Өнердің аққан жұлдызы Ақын Әзімбек Жанқұлиевты еске алу кеші өтті

   Айтыстың ақтаңгері, ақын, Ауған соғысының ардагері Әзімбек Жанқұлиев өмірден ерте озғанымен, соңына жыр мұрасын, азаматтықтың үлгісін қалдырып кеткен арда ұл болатын. Өмірден озғанына 15 жыл өткен аяулы ақынды еске алу шаралары облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр.

   Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен еске алу кеші «Қарахан баба» кесенесінің дәмханасындағы Әзімбек Жанқұлиевтың рухына Құран бағышталған дастарханмен жалғасты. Шараны қаламгер Елен Әлімжан сөз сөйлеп ашып, ақ тілегін арнаса, Әзекеңнің майдандағы досы, Қапшағай қаласының бас имамы Алдажар Сейітұлы естелігін айтып, ақынның рухына арнап, мақам созып, Құран оқыды.
Мұнан соң «Өнердің аққан жұлдызы» атты еске алу кеші Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық Мәдениет үйінде өткізілді. Бұл шара Ә.Жанқұлиевтың өмір жолына арналған шағын бейнефильммен ашылды. Көрермен ақынның балалық шағын, Ауғанстан жеріндегі өрлігін, айтыс сахнасындағы кездерін көріп, сағыныштан көздеріне жас алды. Әсіресе Әзімбектің әуелеген үні жүздеген жүректі толқытты. Кешті тараздық Ринат Нұрақбаев жүргізді.
        Еске алу шарасында алғаш сөз сөйлеген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев аяулы ақынын елі ұмытпағанына, Әзімбектің есімі өзі туып-өскен Шахан ауылындағы орта мектепке және Сарыкемер ауылындағы көшеге берілгеніне, екі жылда бір мәрте Ә.Жанқұлиевтың рухына арналып облыстық ақындар айтысы өтуі дәстүрге айналғанына тоқталып, ұрпақтарына амандық тіледі.

   Кейіннен айтыскер ақын Әсет Дүйсебаев арнау жырында: «Талабы таудай болған Әзімбекке таудың атын берсе де жарасады», – деп көрерменді бір желпінтіп тастады.
   Ақынның Ауғанстанда бірге болған досы, Қапшағай қаласының бас имамы Алдажар Сейітұлы көпшілікке Мәжіліс депутаты, «Ауған соғысы ардагерлері» республикалық қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдың тілегін жеткізіп, Әзімбек ақынның «Ардың кірі тазармас жуғанменен» деген мазмұнды сөзін еске салып өтті.
   Әзекеңнің курстас досы, белгілі композитор Қалдыбек Құрманәлінің естелігі де жиналған жұртты толқытты. «Бірде аңға шықтық. Жолымызда кездескені үйрек болды. Сонда Әзімбек шырылдап, обалына қалмайықшы деп үйректерді атқызбай қойды. Жүрегі нәзік ақын досым айтыстың нағыз ақбереніне айналды», – деп тебіренді ол. Әзекең айтыс өнерінің жарқын өкілі болған соң, кеште бір жұп айтысқа да кезек берілді. Сарысулық Алик Бекмұсаев пен байзақтық Дидар Басықараев жарасымды сөз сайысын ұсынды. Аликтің «Бұл күнде кім көрінген айтысып жүр, күйші еді енді айтысқа жетпегені», – десе, Дидар: «Шыққан жерім Байзақтай мекен екен,санайсыз сахнаға неге бөтен? Әзімбектің рухына бас игенде, күйші де ақын болып кетеді екен», – деп әдемі жауап берді.

   Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын-сатирик Толымбек Әлімбекұлы да айтыскер Әзімбектің жыр әлеміндегі тапқырлығына, әзілге шеберлігіне, ойының ұтқыр болғанына кеңінен тоқталды. Жерлес ағасы, ақын Қасқырбай Нарбатырдың толғана сөйлегені де барша жүректерге жетті. Ұзақ жыл бірге айтысқан досы Ербол Қамбатыров Әзімбектің халықаралық деңгейдегі беделіне, Өзбекстанға барғанда сол жердегі қазақтар Әзімбек үшін биік тұғыр жасатып, жырларын тыңдағанына тоқталып, жұбайы Бақыт пен ұлдары Наурызбай мен Батырханға ұзақ ғұмыр тіледі. Әзекеңнің әпкесі, білім саласының ардагері Самиха Қоңырова ақын інісінің асыл қасиеттерін айта келіп, қолынан ұшып кеткен қасқалдаққа теңеді. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ақынға құрмет – өнерге құрмет екенін, Әзімбек ақынның әдемі әзілдері, құнды жырлары ел жадында сақталатынын айтып, ақын мұрасына жанашырлық танытқан туған бауыры Алтынбек Жанқұлиевқа алғысын білдірді. Сондай-ақ ол: «Енді Әзағаның бір тапқырлығын айта кетейін. Шымкентте өткен бір республикалық айтыстың финалында Әзімбек ақын семейлік Серік Қалиевпен айтысыпты. Содан қазылар қалай шешім қабылдарын ақылдасып жатса, Ә.Жанқұлиев: «Қаныбек Бекарысқа он береді, шәкіртінің жеңгенін жөн көреді. Әселхан он бермесең, бермей-ақ қой, Бәрібір Серік інім жол береді», – деп қызбалықпен ойдан бір шумақ жыр суырып салған екен», – дей келіп, ақынның отбасына амандық, береке тілеп, Әзімбекті еске алу кеші енді жыл сайын өтіп тұратынын айтты. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы шараны ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар азаматтар мен мекемелерге Алғыс хат тапсырды. Кеш соңында ақынның жары, білім саласының үздігі Бақыт Сапаралиева толғана сөз сөйлеп, өнерпаз ұлдарын ұмытпаған барша көпшілікке алғысын жеткізді. «Әзімбек – елдің ұлы болды. Айтыстан алған жүлделерін де сол аймақтағы жағдайы төмен отбасыларға жәрдем ретінде таратып беретін. Мен оның барлық өлеңін жатқа білемін. Себебі түн баласы ұйықтамай жыр жазып, мені оятып оқып беретін. Ақылдасатын. Ол маған жақсы жар, балаларына ардақты әке бола білді. Әзімбегін ұмытпаған елге мың тағзым», – деді ол тебіреніп.
   Әзімбегін сағынған көрермен кеш қонақтарына, ұйымдастырушыларға ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ақ жол. – 2018. – 22 қыркүйек (№110). - 1 б.

Яндекс.Метрика