Жазушылықтың биік шыңына шыққан тұлғаның шығармашылығы ұрпақ жадында мәңгіге сақталады
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында М. X. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Қ. Р Халық жазушысы, қоғам қайраткері, публицист Шерхан Мұртазаға арналған шығармашылық кеш өтті.
Шығармашылық кешке филология және журналистика кафедрасының доценті, Балзия Баешованың «Көзайым» әдеби жастар ұйымына мүше студенттер тың серпін берді. Шерағаның шығармашылығына сыр шертіп, өмірін өнеге етіп жүрген журналистика мамандығының 1 курс студенті Жұматай Көксубайұлы жазушы өмірі жайлы тың деректерді мәлім етті. Шара барысында талапты студенттер Шерағаның өлмес мұрасына айналған туындыларымен танысып, біртуар азаматқа арнаған өлеңдерін оқыды.
Бар дей ме осы пейіште мың ұя бақ,
Қыран қанат қағады шың қиялап.
Жетісудың аспанын түнек басты,
Алаштын қабағына мұң ұялап.
Өнерге басын иген жыршыл елі,
Дауылына тағдырдың түршігеді.
Қыраны қанатынан қайырылып,
Күйіктің кең өлкесі күрсінеді.
Тәңір таудың шыңынан төгіледі от,
Жер анаға нұр болар себіле кеп,
Тат баспайтын қалады тарихта
Шератамның шекпені шежіре боп-деген жас ақын Хамит Айдарұлының Шератаға арнаған жыр шумағы «Бір кем дүние» - деп өткен тұлғаның мықтылығында болса керек. Жүректен шыққан жауһар жырлардың легімен Ербол Елхат Шератаға арнаған толғауын домбыраның нақышына келтіре орындады.
- Біз тәуелсіздікке жеткенімізге куанамыз, дегенмен шешімін таппай келе жатқан түйіткілді мәселелер де жеткілікті. Шерағаның Шерағалығы да осы мәселелерге қатысты шындықтан жалтармай айтуында. Ә. Кекілбаев «Алғадай азамат» дейтін мақаласында Шерағаның болмыс бітіміне дәл бағасын берген екен. «Ол бәріміздің қолымыздан келе бермейтін істерді тындырды. Бәріміз тәуекел ете бермейтін істерге тәуекел етті. Сондықтан бәріміз жете бермейтін абыройға жетті». Иә, ұлтқа қызмет еткен тұлғаның ұландары ұлы перзентін ұмытпайтыны анық-деп филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Оразбайұлы сыршыл ақынныц шыншыл шығармашылығына үлкен мән беру керектігін айтты.
Шығармашылық кештен кейін, барлық қатысушылар аталмыш кітапханаға қарасты Шерхан Мұртазаға арналған мұражайға барды. Онда жазушы қолданған алғашқы жазу машинасынан бастап, жазу үстелі мен қаламдары да сақталған екен. Бауырында қазақтың біртуар азаматтары тәрбиеленген Жамбыл облысының тумасы Шерхан Мұртаза дүниеден өткенде қалың қазақ қара жамылды. Келмек барда, кетпек те бар. Дегенмен, жазушының аты ешқашан өлмейтіні шындық. Себебі Шерағаның туындылары - Шерхан шыңы болып қалмақ.
Сәндібек ПРЕНОВ, ТарМУ студенті
ЗНАМЯ ТРУДА. – 2018. – 13 ноября (№127). – 4 б.