Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Жемісті еңбекке жол ашатын бас құжат

     Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнайтын жыл сайынғы Жолдаулары ел алдында тұрған айқын міндеттерді айшықтап, жаңа бастамаларға тың серпін береді. Жақында ғана жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының да жоспары биік, мақсаттары мығым. Облысымыздағы мемлекеттік кітапханаларда Жолдауды оқырмандарға насихаттау, негізгі бағыттары мен міндеттерін жете түсіндіру, жастарды патриотизмге баулу, елін, жерін сүюге, туған ел тарихын білуге, Отанын құрметтейтін, болашақта Қазақстанды өркендетуге өз үлестерін қосатын азамат ретінде тәрбиелеуге үлес қосу мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.

     Облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында көптеген пайдалы іс-шаралар өткізіліп тұрады. Атап айтсақ, «Жаһандық маңызы бар Жолдаулар», «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» атты пресс-клиппинг, «Қазақстан: ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысында» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылды. «Мәңгілік ел - халықтың ортақ идеясы» атты ақпараттық хендаут барысында жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне Жолдау тезистерінен тұратын материалдар таратылды. «Қазақстан: ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысында» атты кітап көрмесі тұрақты түрде жасақталып, Елбасының жыл сайынғы Жолдаулары, кітаптары қойылады.

      Жалпы, облыс кітапханаларында «Президент Жолдауы - халық қалауы», «Ел дамуының кілті - цифрлық технологиялар», «Адами капиталдың жаңа сапасы», «Мәңгілік ел тұғыры - ұлттық тәрбие», «Халық үшін маңызды бағыттар», «Санаға серпіліс жасау - уақыт талабы», «Жаңғыруға бастаған жол», «Жолдау - ертеңгі күнге нық сенім», «Елбасының Жолдауы - Ел болашағының бағыт-бағдары», «Елбасы Жолдауы - болашақтың дара жолы» және басқа да тақырыптарда талдаулар мен талқылаулар, «дөңгелек үстел» отырыстары жоғары деңгейде өтті.

    Жемісті еңбекке жол ашатын бас құжаттың басым бағыттарын түсіндіру мақсатында келер жылға арналған жоспарлар облысымыздың барлық кітапханаларында жасалынды. Кітапханашылар іс-шаралар барысында Жолдауда көрсетілген білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбек дауларының алдын алу, ІТ-білімді, қаржылық сауаттылықты, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу, халық табысын арттыруға арналған бастамалардың бүгінгі күннің өткір мәселесі екеніне тоқталып, мол мәліметтер береді.

    2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы да ел болашағына салынған жаңа инвестиция, жастар саясатына үлкен серпін. Сондықтан да Мемлекет басшысы Жолдауында әлеуметтік мәселелерге айрықша мән бергенін ерекше атап өткен жөн.

      Біз жүргізіліп жатқан реформалардың мәні мен олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуіміз керек. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды. Облыс кітапханалары Елбасының сарабдал саясаты мен жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларын насихаттау жұмыстарын белсенді жүргізе беретін болады.

Эльмира АБДИНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры

Арай. – 2018. – 20  желтоқсан (№51). – 8 б.

 

Яндекс.Метрика