Қазіргі кезде мәдениет пен әдебиетке, тарих саласына қатысты көпшіліктің көзқарасы өзгерді. Тым тереңде жатқан тарихымыздың түгендеп, өркендеудің тамырын өткеннен іздейтін деңгейге жеттік. Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы жариялағанын өзім заңдылық деп қабылдадым. Мәдениет, жалпы руханиятты алға жылжытуда осындай бір бағдардың қажет екені анық еді.
Мемлекет басшысының ел экономикасын өркендету ісінде де, сыртқы саясатты жүргізуде де жауапкершілігі ұшан-теңіз мол екені белгілі. Ол кісі қайтсем тәуелсіз Қазақстанды әлемнің өркениетті елінің қатарына қосамын деген отаншылдық оймен таңды таңға жалғап, еңбек етіп жүргені шындық. Соған қарамастан Елбасының ел тарихына терең мән беріп, осындай бағдарламалық маңызды мақаланы жазып шығуы көңілімізді толқытты. Мақалада қазақ халқы қол жеткізген барлық құндылықтар анық, айқын көрсетілген.
Бұл мақаланың маңызы тым тереңде жатыр. Алатау мен Арқа, Алтай мен Атырау арасын жалғап жатқан кең байтақ даламыздың қасиетін сездіретін, кешегі өткен бабаларымыздың даналығын байқататын құнды еңбек деуге болады. Бағдарламалық еңбек баршамызға ой салды. Бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Жер жүзінде ең алғаш асау жылқыны қолға үйрету біздің елде, «Ботай» қонысында жүзеге асқан екен. Тіпті ат үстінде жүруге ыңғайлы киім ретінде бабаларымыз шалбардың алғашқы нұсқаларын да ойлап тапқаны дәлелденіп отыр. Қазақ жері - металл кенін игеруде, алтын, күміс, мыс, қола, мырыш, темір өндіруде де әлемге үлгі болған аймақ. Алғашқы металлургия біздің мемлекетте пайда болғаны - тарихи шындық.
Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті қалыптасқанын ежелгі жазулары мен мифологиясынан да байқаймыз. Мәселен, аң стилі бабаларымыздың өндірістік тәжірибесінде ерекше маңызға ие болғаны анықталып отыр. Елбасының мақаласында айтылғандай, егемен Қазақстанның символдарының бірі - қар барысы екені де кездейсоқ емес.
Тараз қаласындағы бұрынғы «Көк базар» орнының қазыла бастауы да сол тарихымызды тану жолындағы қадам екені аян. Ел ішінде талай кертартпа адамдар да ұшырасады. «Базардың астын қазу - бос әурешілік. Ол жерден не табыла қояды дейсің?», - деушілер кезінде кездесті. Әрине, қоғам болған соң түрлі көзқарастар болады. Бірақ мұнда мақсат айқын еді. Осында қазба жұмысын жүргізушілер Тараздың өткенін зерттеудің жақсы нәтижеге алып келетінін ерте сезінді. Себебі біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде Тараз қаласы туралы алғашқы деректер тіркелген. Бұл дегеніңіз - көне шаһар қалдықтары жер бетінен 10-12 метр тереңде жатыр деген сөз. Қазылған қабаттардан ә дегеннен ХVІІ-ХVІII ғасырлардың жәдігерлері табыла бастады. Осындағы құрылыстардың бірін Рим империясының тұтқынға түскен жауынгерлері жүргізген деген болжам айтылуда. Таразда қыш құбыры жүйесінің тым ертеректен бар болғанын табылған көне жәдігерлерден білдік.
Қазақ халқында ертеден-ақ мәдениет болған. Ғалымдардың дәлелдеріне сүйенсек, Ұлы Даланы мекендеп келе жатқанымызға 4 мың жылдан асыпты. Әлемде талай елдердің тұрғындары жапырақ жамылып жүргенде, біздің бабаларымыз тері шалбар киіп, киіз үйде ғұмыр кешті. Өркениетке осылай ұмтылды. Бұл - шындық. Жылқыны үйретудің біздің даламыздан басталғанын бұрыннан да кейбір деректерден естіп, біліп жүретінбіз. Бұл деректер Елбасы мақаласында нақты келтірілген.
Елбасы аталған мақалада Ұлы Даланың ұлы тұлғаларын ардақтауды ерекше қадап айтты. Өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Гете, Пушкин, Джордж Вашингтон секілді бүгінде өз мемлекеттерінің төлқұжатына айналған тұлғаларды мысал ретінде келтірді. Мемлекет басшысы: «Ұлы Дала әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің кұрметіне ашық аспан астында ескерткіш мүсіндер қойылатын «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек», деп атап көрсетті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажеттігін де шегелеп айтты.
Елбасы жазған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы мәдениет пен руханият өкілдерінің рухын оятты, барша қазақ даласын серпілтті десем артық айтқаным болмас. Тереңде жатқан толымды тарихымызды біліп, бағалап, жанымыз жадырап, марқайып қалдық. Бұл тәуелсіз еліміздің даму, өрлеу жолындағы аса маңызды қадамдарының бірі екені анық. Елбасы мақаласының арғы жағында не жатқанын сезіп, саралап, зердемізден өткізіп отырмыз. Таспен жазылған тарихымыздың терең тағылымын таразылап, толғанып отырған тұсымыз міне осы.
Жаһанданудың талабы - үздіксіз даму. Оның шешімі - руханият пен мәдениетке, тарихқа көңіл аудару.
Халқымыз тарихын түгендесе - ол деген Мемлекетіміздің әлем алдында бағалануы, мойындалуы. Біз міне, осы тұрғыдан алғанда қуанып, өшкеніміз жанғандай жадырап отырмыз. Ұлы Даланың құндылықтарын түгендеу - қасиетті қазақ елінің болашақ ұрпағына керек дүние. «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асуы да тарихымызды, болмысымызды толық танып-білуден бастау алады. Осы орайда Елбасының бұл мақаласы керемет бағдаршам болғаны анық. Осыны біздің кітапхана қызметкерлері де сезініп, аталған мақаланы қолдау, халыққа кеңінен түсіндіру жолында үлкен қарқынмен еңбек ете береді деген сенімдемін.
Эльмира АБДИНОВА,
Ш. Уәлиханов атындағы
облыстық ғылыми-әмбебап
кітапханасының директоры.
Тараз қаласы
Ақ жол. – 2019. - 19 ақпан (№19). – 2 б.