Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай жолдасбеков туған жеріне келіп, көпшілікпен жүздесті
Ұлттық мұрамыздың рухани жанашырларының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков – тек қана жамбылдықтардың ғана емес, бүкіл қазақ халқының мақтанышына айналған тұлға. Мемлекет қайраткерi, ғылым докторы, профессор, белгiлi дипломат, әдебиетшi-ғалым, ұлағатты ұстаз, ұлттық мәдениетiмiздiң қамқоршысы бола білген азаматты бүгінде жалпақ жұрт жақсы таниды.
Сенбі күні облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Мырзатай Жолдасбековпен рухани кездесу өтті. Басқосуда әңгіме арқауына айналған тақырып – облыстың 80 жылдығына орай жарық көретін көптомдықтың дайындалу барысы.
Облысымыздың 80 жылдығы қарсаңында көптомдық шығару қолға алынып жатқаны белгілі. Оған өңіріміздің тарихына қатысты мәселелермен қатар, ел аузында сақталған деректер топтастырылмақшы. Облыстық мемлекеттік архивтің мұрағаттанушысы Мақұлбек Рысдәулеттің айтуынша, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен дайындалып жатқан көптомдықтың алғашқы легі дайындалып, баспаға жіберілген. Бұл облыстың 80 жылдық мерейтойына арналған айрықша тарту болмақ.
Басқосуда елдің келешегі, тарихы, жас ұрпақтың жарқын болашағы турасында келелі әңгімелер айтылды. Ал Мырзатай Жолдасбеков көптомдықты әзірлеу барысында асығыстыққа жол беруге болмайтынын, бұл іске жауапкершілікпен қарау керек екенін жеткізді.
– Жас ұрпақ елдің, өңірдің тарихын, өзінің түп тамырын біліп жүруі тиіс. Сондықтан сіздердің жасап жатқандарыңыз – алғыс айтуға, құрмет көрсетуге тұрарлық ізгілікті бастама. Бірақ асықпау керек. Жан-жақты саралап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Мәліметтердің бұрмаланбауына назар аударыңыздар. Білмегенді сұраудың ешқандай да сөкеттігі жоқ. Білмегендеріңіз болса ақыл-кеңес айтып, көрген-түйгеніммен, қолымда бар деректермен бөлісуге дайынмын, – деді Мырзатай Жолдасбеков.
Кездесуде келелі кеңес айтқан ғалым өзінің бірқатар құнды еңбектерін Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қорына сыйға тартты.
* * *
Бұдан кейін Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Тараз қаласындағы «Мөлдір» мейрамханасында өңірдің белгілі тұлғаларымен, зиялы қауыммен, мәдениет пен өнер, әдебиет, руханият саласының өкілдерімен жүздесті. Ғалым осында 600 адамға арнап дастарқан жайыпты. Ата-бабасына, ата-анасына Құран бағыштады. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Ораз құран оқыды.
Жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, еліміздің Тәуелсіздігінің қалыптасу жылдарында Елбасының сенімді серігі болған, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтің мемлекеттің дамуына қосқан зор үлесіне тоқталып, жерлестері атынан деніне саулық, отбасына амандық, жұмыстарына табыс тіледі. Келесі сәтте Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев, белгілі азаматтар Бөрібай Жексембин, Әмзебек Жолшыбеков, Сейтхан Жошыбаев сөз сөйлеп, ақжарма лебіздерін арнады.
Жиын соңында Мырзатай Жолдасбеков ата-баба аруағына арнап, Құран бағыштауды көптен ойлап жүргенін, бүгін жамбылдық жерлестерімен бірге сол ниетке жеткенін айтып, келгендерге алғыс білдірді.
Сондай-ақ жиынға қатысқан кісілердің барлығына М.Жолдасбековтің «Тәуелсіздік тағылымы», «Күндерімнің куәсі», «Кіндігімді кескен жұрт», «Асылдарым», «Шіркін, дәурен!» кітаптары таратылды.
«Aq jol»-дың тілшілер тобы:
Камила БОРАШОВА,
Есет ДОСАЛЫ.
Суреттерді түсірген
Алтынбек Қартабай.
Ақ жол. - 2019. - 10 қыркүйек №100 (18750). - 6 б.