Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Мәңгілік елдің руханият ордасы

   Қас пен көздің арасында қамшы салдырмай қарыштап дамыған бүгінгі заманда бұрын-соңды ел естіп, көз көрмеген заманауи салалар пайда болып, кейбір салалар тіршілік сахнасынан алыстағаны жасырын емес. Алайда айтуға келгенде тіл сынып, оқи қалсаң көз сүрінетін жаңа мамандықтардың қатарында көнеден келе жатқан өміршең салалар да бар. Себебі олар адамзаттың қолы айға жетсе де өмірдің мәңгілік қажеттілігі, руханияттың өшпес өнеге ошағына айналған. Соның бірі һәм бірегейі – кітапхана саласы.

    Адамзат баласы қара танып, санасы жетілген уақыттан бері бірге жасасып келе жатқан кітапхана саласының тарихы тым тереңде. Біздің заманымыздан бұрынғы VII ғасырдың ортасында Ассирияның патша сарайындағы қыш тақталарға жазылған жазбалар жинағы, әлемге әйгілі Александрия кітапханасы, ал IX-XI ғасырларда Бұхара, Самарқан, Отырар, Үргеніш, Мерв қалалары ғылыми және әдеби кітап қорларымен аты шықты. Ұлы ғұлама әл-Фарабидің туған қаласы Отырарда Александриядан кейінгі әлемдегі екінші ең ірі кітапхана болған деп есептеледі. Қазіргі уақытта елімізде жиырма мыңға жуық кітапхана жұмыс жасайтын көрінеді. Оның ішінде Қазақ хандығының іргесі қаланған қасиетті Әулиеата өңіріндегі қарашаңырақтардың да өзіндік орны орасан. Сананы тұрмыс, тіршілікті технология билеп-төстеген бүгінгі заманда кітап оқитындардың қарасы азайғаны рас. Бірақ мүлдем жоғалып кеткен жоқ. Шығыстың жарық жұлдызы Әлішер Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Келешекте кітап оқығандар интернетте отырғандарды басқаратын болады» деген жалынды һәм мағыналы сөзі – шындықтың өзі. Әрине, жарық жылдамдығымен жарыса жетілген сан салаға қарап, ежелден келе жатқан кітапхананың келешегі де көңіл толғандыратыны жасырын емес. Кешегі Атлантида секілді ғаламтор мұхитының астында қалады ма, жоқ әлде рухани Эверест сияқты мәңгілік биігінен мызғымай тұрады ма? Осы орайда біз жергілікті кітапханаларға бас сұғып, ондағы классикалық мамандық иелерінің бүгінгі тыныс-тіршілігін, алға қойған мақсаттарын білдік.

    – Кітапхана – үлкен тәрбие мектебі болғандықтан, кітапхана үшін рухани жаңғыру тұсында артылар жүк салмақты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары кітапхана қызметін ұйымдастыру жұмыстарының көкжиегін кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Өйткені елдікті бекемдеу, ширек ғасырлық шежірені түгендеу, жалпы рухани жаңғыру тұсындағы кітапхана миссиясы – бәсекеге қабілетті, талантты, тың ойларға бай, ісін және сол идеясын алға ілгерілете алатын тұлғаның үйлесімді дамуына, тең мүмкіндікті қоғамның қалыптасуына ықпал ететін ақпаратқа қолжетімділікті, сапалы кітапханалық қызметті қамтамасыз ету, ұлттық және әлемдік мәдениеттің құндылықтарына баулу болып табылады.

    Бүгінгі таңда кітапханаға деген сұранысты арттыру, заманауи нарықта кітапхананың жағымды имиджін қалыптастыру, пайдаланушылар мен жалпы өңір тұрғындары арасында жайлы жаңа көзқарас қалыптастыру және алға қарай қадам жасай отырып, кітапхананы дамытатын тетігін орнату мақсатында Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ребрендинг жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аясында өткен жылы руханият орталығын өңір тұрғындарының бос уақытын тиімді пайдалануына арналған заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңына айналдыру мақсатында кітапханада бродкастинг пен коворкинг алаңдары ашылды,– дейді 243 188 дана кітап қоры бар Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова.

    Мұндағы бродкастинг залы – интернет, телерадио арналардың көлемді ақпараттарына кеңінен қол жеткізу, түрлі онлайн байланыстар мен бейнечат конференцияларын, аудио-бейне оқуларды өткізу мүмкіндіктерін қамтамасыз ету алаңы екен. Ақыл айдынына айналған бұл жер оқырмандардан сұраныс түскен заңгерлер, қаржы мәселелері және басқа да сала мамандарының тегін кеңес беруін ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр. Барлығы заманауи технологиямен толық жабдықталған. Және кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталық та бар. Цифрландырылған ақпараттық орталық өңір тұрғындарына жылдамдығы жоғары интернет желісі арқылы түрлі ақпарат іздеу, кеңесші көмегі, құжаттарды басып шығару немесе ақпаратты сыртқы тасымал құралдарына сақтау, интеллектуалды қызмет, өз бетінше жұмыс жасау үшін компьютерлер беру, құжаттарды цифрлық форматқа енгізу, мәтіндерді теру және басып шығару, құжаттарды электронды жеткізу қызметін ұсынып отыр.

    – Қазіргі таңда кітапханадағы коворкинг алаңын коммуникативтік орталық деп айтуға болады. Бұл жерде пайдаланушыларымыз достарымен бос уақытты бірге өткізіп, көптеген қызықты іс-шара­ларға: акциялар, мерекелер, шығармашылық кездесулер, шеберлік сыныптар, зияткерлік ойындарға қатыса алады. Сондай-ақ мұнда өте маңызды– кітапхана ресурстарын пайдалану мүмкіндігі бар. Кез келген цифрлық форматтағы интеллектуалды контент кітапханамызда қолжетімді. Сонымен қатар коворкинг алаңы барлық форматтағы ақпараттық ресурстарды пайдалануда білікті мамандардан консультациялық көмек алуға және интеллектуалдық немесе эдьютейменттік (ойын арқылы оқу) тікелей қарым-қатынас жасауға арналған. Бір сөзбен айтқанда, кітапханаға келушілердің бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне бар жағдайды жасайтын орталық. Сондықтан мұндай орталықтарды құру әрі олардың санын көбейту заман талабынан туындап отыр. Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ашылған коворкинг алаңы бірнеше аймақтан тұрады. Атап өтсек, жеке аймақ, ол – кітапхана пайдаланушыларына жеке жұмыс жасауға мүмкіндік беретін арнайы жасақталған кабинкалар. Ал фриланс аймақ – түрлі бағыттағы іскерлік кездесулер, келісімшарт кездесулер, өз бетінше түрлі жеке қызметтерін ұсынатын азаматтарға жағдай жасалған орын. Сондай-ақ еркін аймақ жастарға түрлі тақырыптар аясында пікір алмасу, сұхбаттасу, ой бөлісу мақсатында немесе көңіл көтеру үшін жиналуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек кітапханамызды кітапсүйер қауымның сүйікті мекеніне айналдыру мақсатында жақында жаңа релакс аймағы ашылмақ. Релаксация – қарапайым босаңсу емес, ол – денсаулыққа жол болғандықтан аймақ пайдаланушылардың шығармашылық әлеуетін дамыта отырып, психоэмоционалдық жағдайын жайландыру, ішкі күйзелістен арылту, әсем әуендер арқылы релаксация және қиялын дамыту, – дейді Эльмира Елеусізқызы.

    Ал ақылдың абызы Абай хакімнің атымен аталатын Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі зейнеткер, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы аналарға керекті кітаптарды үйіне жеткізіп беру қызметін іске қосып, көпшіліктің алғысын алуда.

    – Сонау 1972 жылы құрылған қалалық кітапханалар жүйесі тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңдерінде жан-жақты қысқартуға ұшырады. Дегенмен жойылып кеткен жоқ. Қазыналы қорын сақтап қалды. Қалалық кітапханалар қай уақытта да өз оқырмандарын жоғалтқан емес. Қазіргі уақытта қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінде 8 кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетуде. Онда 367 846 дана кітап қоры сақталған. Барлығы 66, оның ішінде тікелей оқырмандармен 48 маман жұмыс жасауда. Былтыр Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өңірлік жобалық офиске екі жоба ұсындық. Оның біріншісі – ашық аспан астындағы жазғы оқу залы. Бұл дегеніңіз, жазғы демалыс кезінде жастар мен көпшілік оқырмандарды жоғалтпау мақсатында, қаладағы саябақтарда кітап көрмелерін ұйымдастыру. Ондағы демалып жүрген кез келген қала тұрғыны қажетті кітаптармен танысып, оқып-біле алады. Оның нәтижесі де көңіл қуантарлықтай.

    Ал екінші жобамыз – құнды өлкетану құжаттарын, жергілікті қаламгерлердің шығармаларын, өңір тарихына қатысты мерзімді басылымдарды цифрландыру болды. Бұл қатарда аймақтың фотошежіресі де бар. Және «Жастар кітап әлемінде» атты заманауи форматта іс-шара ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Сонымен қатар кітапхана мамандары зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың, көпбалалы аналардың үйлеріне қажетті кітаптарды жеткізіп береді. Алдын ала ол кісілер телефон арқылы керекті кітабын айтады, ал кітапханашыларымыз үйіне сол кітапты алып барып, оқып біткендерін қайтадан алып келеді. Ондай оқырмандарымыздың да қарасы аз емес. Бұған қоса кітапханада зейнет жасындағы қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға ақысыз тегін компьютер үйретеміз. Нәтижесінде «электронды үкімет» порталы арқылы тиісті құжаттарын рәсімдеп, төлемдерді төлеуге машықтануда.

    Және биыл дауыстап оқу жобасын ұсынып отырмыз. Оның мақсаты дауыс ырғағымен оқи отырып, жасөспірімдерге даналық сөздерді, мақал-мәтелдердің мағынасын түсіндіріп, шешендік өнерін дамытуға бағытталған. Себебі қазіргі уақытта интернетке жіпсіз байланған жастардың көбісі ана тіліміздегі кейбір сөздердің төркінін білмейді. Мақалдарды орынсыз қолданады. Бұл ретте Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада бүлдіршіндерге арнап, шағын кинозал аштық. Ол жерде кесте бойынша қазақ тілінде ұлттық болмысымызға тән түрлі мультфильмдер, кинолар көрсетіліп, соңында әрбір сөзді, кейіпкерлердің іс-әрекетін талқылап, түсіндіреміз.

    Қарап отырсақ, өмірде барлығы өзгеріп жатыр. Ұлтымызға рух берген Мәңгілік Ел идеясы да сан салаға сүбелі жауапкершілік жүктеді. Кітапхана ісіндегі цифрландыру, қорды электронды форматқа ауыстыру ісі мемлекетіміз қатарына қосыламыз деп талпынып жатқан дамыған отыз елдің кітапханалар жүйесінен еніп отыр. Яғни, кітапхана саласы ешуақытта тоқтамай, болашақта да ел игілігіне жарайды деген сөз. Халықтың талғамы қалай өзгерсе, біз де сол талғамды қанағаттандыруға жұмыс жасаймыз, – дейді «Абай атындағы Тараз қалалық орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі» мекемесінің директоры Роза Алибекова.

    Кітапханалар жүйесінің аудан халқы үшін де қажеттілігі орасан. Ұрпақ санасын ұлттық құндылықтармен суарып, заман талабына сай қызмет көрсетуде.

    – Көркем әдебиетпен тәрбиеленген бала ешқашан біреудің ала жібін аттамайды, қылмысқа бармайды. Керісінше, ұлылардың ізімен ұрпақ сабақтастығын жалғап, ел игілігін еселеу мақсатында шығармашылықпен өсіп-өнеді. Бұл – ғылым дәлелдеп, әлем ғалымдары мойындап отырған шындық. Сондықтан біз әрдайым өскелең ұрпаққа өнегелі сөздерді, ел тағдырына қатысты өзекті шығармаларды ұсынамыз. Қоғам санасын ғаламтор қанша жерден торласа да, кітапқа деген адамзаттың махаббаты ешуақытта ортайған емес. Жыраулар поэзиясы, батырлар жыры, ақындарымыздың рухты өлеңдері, осының барлығы Ұлы даланың мәңгілік ұстазы секілді кез келген ұрпақты нағыз отансүйгіш патриот етіп тәрбиелейді. Аудандық кітапханаға егде жастағы кісілерден бөлек, мектеп оқушыларының, жастардың көптеп келуі көңіл қуантады. Шетел әдебиетіне де қызығушылық танытатын жастарымыз аз емес. Заманауи тұрғыда аудандық кітапханаға қарасты 6 ауылдық округтегі кітапханада ақпараттық-цифрлық орталық ашылды. Сондай-ақ келушілердің ойын сергіту мақсатында шахмат ойындары да ұйымдастырылып тұрады. Мамандарымыз да мектеп жасындағы оқырмандардың талғамына қарай қажетті кеңестерін айтып, өрімтал ұрпақтың болашағына азық боларлық кітаптарды ұсынады. Кітапхана саласы ежелгі мамандықтардың бірі болғандықтан, алдағы уақытта да халқымыздың игілігіне жарайды деп сенемін. Бұған дейін ақын Өрнек Құлекеев, Совет Әлімқұл, Қуандық Шолақ, Хамит Есаман секілді жергілікті қаламгерлердің кештерін ұйымдастырсақ, келген жаңа жылда Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығы мен жергілікті ақын, өмірден ерте үзілген жауқазын Салтанат Абашеваның кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің міндетіміз авторлардың еңбектерін оқырманға ұсыну ғана емес, сонымен қатар оны жеткізу, насихаттау, көпшіліктің тағылым көкжиегін кеңейтуге атсалысу. Сондықтан алдағы жоспарларымыз да заман талабына сай жүзеге аспақ, – дейді Т.Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Нұрсұлу Топатаева.

    Байқасақ, дәуірлердің сөресінен суырып, ғасырлар парақтаған құнды жазбалардың барлығы осы кітапханаларда сақтаулы. Ол жерден Абай мен Жамбылды, Әлихан мен Ахметті, Сұлтанмахмұт пен Мағжанды, тіпті Гете мен Шекспир, Пушкин мен Есениннің еңбектерін де кездестіру қиын емес. Солардың рухани байлығымен тыныстаған адам санасы жаңа мүмкіндіктерге серпіліс пен сілкініс жасап, әлемдік ауқымда көреген көзқарасты қалыптастырарына қарашаңырақтың өзі куә, қазынасы дәлел. Адам жанының сарқылмас азығына айналған тағылым валютасы ешқашан өз құнын жоймақ емес. Ол сәт сайын қымбаттамаса, арзандамайтыны тағы анық. Өңірдегі әрбір кітапхананың өзгеріске толы өзіндік тіршілігі бар. Тіпті кейбір кітаптардың өздері-ақ үйге келетін уақытқа жеттік. Немесе ашық аспан астында, самала саябақта отырып-ақ, тегін кітаптардан тағылым теретін күн туды. Яғни, замана зымыранша зулағанымен, адамзат баласы кітаптың мәңгілік оқырманы болып қала бермек. Өңірдегі кітапхана саласының бүгінгі картинасы осы, ал келешегі келер күннің еншісінде.

 

Нұржан Қадірәлі

Арай. – 2019. – 21  ақпан (№8). – 9 б.

 

 

Яндекс.Метрика