Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Ғасыр бойы сақталған кітаптар

    Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасында кітапқұмар қауым үшін бағалы жәдігерлер сақталған. Жарық көргеніне ғасырдан асқан, кемі жетпіс жыл болған жинақтар әлі күнге дейін сөрелердің сәнін келтіріп, кітапхананың мазмұнын ашып тұр.

    Мәселен, орыстың атақ­ты жазушысы М.Е.Сал­т­ыков-Щедрин­нің «Пом­падуры и Пом­­па­дурши» деген шы­ғармалар жи­нағы Санкт-Пе­тербург қа­ласынан 1891 жылы жа­рық көріпті. Содан бері 126 жыл өтсе де, кітаптың ішкі беттері жыртылмаған, әлі күнге дейін әріптері тайға таңба басқандай анық көрінеді. Одан бө­лек 1894 жылы Санкт-Петербург қаласынан ба­сылып шыққан «Энци­клопедический словарь» кітабының ХІІ томы, 1900 жылы жарық көрген «Живописная Россія» кі­табының жетінші томы және 1910 жылы Мәс­кеуден басылған «На­род­ная энциклопедия» кіта­бының екінші томы да кітапханадағы сирек кі­таптар қатарына жатады. Бір айта кетерлігі, аталған кітаптардың бәрі де славян әріптерімен жазылған екен. Мәселен, «С.Петербургъ», «Томъ» деген жазулардан-ақ уақыттың ұлы өзге­ріс­тердің иесі екенін бай­қауға болады.  Кез келген туындының өзіндік тарихы бар. Кітап­хананың мәртебесін кө­теріп, кітаптың қасиетін арттырып тұрған бұл жә­дігерлердің мұнда қалай жеткізілгені де оқырманды қызықтыратыны анық. Бұл орайда кітапхана директоры Эльмира Абдинова құнды кітаптарға байланыс­ты өз ойын білдірді. – 1973 жылы Мәскеу­дегі Ленин атындағы мемлекеттік кітапхананың қорынан құнды кітаптар ғана іріктеліп алынған. Се­бебі, барлық кітап бір қорға сыймаған. Осы уа­­қытта Химки қала­шы­ғын­да депозитарлы кі­тап­хана ашылды. Кейіннен ор­талық кі­тап­ханаларда да депозитарлы қор ашылу туралы бастама көтеріліп, осы жылдары Ш.Уәлиханов атын­дағы әмбебап-ғылыми кітапханасында депозитарлы қор ашылған. Қорға Алматы, Қарағанды, Пав­лодар, Өскемен, Аты­рау және Шымкент облыс­тарынан сирек кітаптар жинақталды, – дейді Эль­мира Елеусізқызы. Кітапхананың депозитарлы қорындағы аса құнды 600 кітаптың атауы Алматы қаласындағы «Кітап мұражайының» каталогына енгізілген екен. Сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық электронды кітап­ханасының қорына 27 дана сирек кездесетін кі­тап­тардың электронды нұсқасы жіберілген. Көне­ден жеткен кітаптарға қарап отырып, кітаптың тозбайтын білім, өлмейтін ілім екенін көруге болады.

Хамит Есаман

Егемен Қазақстан.-2017.-27 сәуір (№81).

Яндекс.Метрика